• Home
  • Алматыда ғалымдар Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасын талқылады

Алматыда ғалымдар Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасын талқылады

«Ауыл» партиясы Алматыда азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде дөңгелек үстел өткізді. Жиында партия атынан президент сайлауына қатысып жатқан Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасы да талқыланды.

Ө. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты базасында өткен шараға аграрлық сала ғалымдары, «Ауыл» ХДПП Төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықов және партия активі қатысты. Отырыс барысында Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының директоры э.ғ.д. Алтынбек Молдашев, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, б.ғ.д. Мәсімжан Велямов баяндама жасады. Олар өз баяндамаларында азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық мәселеге айналып бара жатқанын атап өтті.

«Нарықтық экономикадағы кез келген мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қорғау мәселесін алдыңғы орынға қояды. Отандық өнімдер мен экспорттық тауарлардың сапасы басты назарда болуы тиіс», – деді олар.

Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға ұлттық және аймақтық ерекшеліктерге қарай қазақстандық азық-түлік қауіпсіздігі стандарттарын әзірлеу жөнінде ұсыныстар айтылды.

Сондай-ақ, шараға қатысушылар ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасын талқылап, сайлауда кандидатқа қолдау білдіру жөнінде шешім қабылдады.

Дерек-көз: www.inform.kz